
Журналист Вадим Борейконың барлық шоты бұғатталды. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айтуынша, 27 сәуірде банк қосымшалары арқылы төлем жасай алмай, шоттарының бұғатталғанын білген. Артынша сот орындаушысының аты-жөні мен нөмірі көрсетілген хабарлама алған.
«Сот орындаушысынан құрылыс компаниясының маған қатысты азаматтық талап арыз бергенін білдім. Содан кейін Бостандық ауданы сотынан сот отырысы 19 мамыр сағат 15:00-де видеобайланыс арқылы өтетіні туралы хабарлама алдым», – деп жазды Борейко.
Сөзінше, талап арыз беруші – «Etude-Ybyrai» ЖШС өкілі Бақыт Қасыбаев. Бұл – Алматының 12-шағын ауданында Premier тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясы.
Талап арыз Вадим Борейконың әлеуметтік желіде компанияға қатысты жариялаған ақпараты негізінде жолданған. Құжатта желідегі жазбалар компанияның беделіне нұқсан келтіріп, елеулі шығынға әкелгені туралы айтылған. Талап арыз сомасы – 71 млн теңге.
«Premier тұрғын үй кешені туралы «Гиперборей» YouTube-арнасында жеті рет айттық. Алғаш рет Biz Birgemiz бағдарламасында оқырмандар жіберген видеоларды көрсетіп, мүмкіндігінше пікір айтудан аулақ болдым. 2025 жылдың 25 қарашасы, 1 желтоқсаны, 8 желтоқсаны және 2026 жылдың 5 қаңтары жарияланды.
Видео авторлары – 12-шағын ауданы тұрғындары. Олар құрылысқа наразылық білдіріп, бастапқыда құрылыс салып жатқан компания ретінде«Etude-Ybyrai» ЖШС-ны емес, «Everest Development» ЖШС-ны көрсеткен.
Биыл 6 қаңтарда тұрғындар өтінішімен Мәжіліс депутаты Бакытжан Базарбекпен бірге 12-шағын ауданға бардық», – дейді журналист.
Сөзінше, репортаж барысында жеке пікірін айтпаған, тараптардың пікірін білуге тырысқан. Содан кейін компания құрылысқа рұқсат қағазы бар екенін мәлімдеген.
«2 наурызда тұрғындардың құрылысқа қарсы күресетіні көрсетілген ролик жарияланды. Енді компания жобаға деген сенімнің азайып, салынып жатқан тұрғын үйде пәтерлердің аз сатылғанына байланысты шығынға батқанын мәлімдеп отыр», – деп жазды журналист.
Бұған дейін Вадим Борейко «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың тергеу изоляторындағы жағдайы туралы жазды.