Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге бизнес ашуға жасанды интеллект көмектеседі

Жасанды интеллект бизнес ашуға ең тиімді орындарды ұсынады / Фото: shutterstock

Енді кәсіпкерлерге бизнесін бастау барысында тиімді таңдау жасауға көмектесетін AIкөмекші іске қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңа жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Ол бизнес ашу кезінде жиі кездесетін мәселелерді шешуге бағытталған.

«Бұған дейін бір аумақта бір типтегі бірнеше нысанның қатар ашылып қалу қаупі жиі кездесетін. Мысалы, кофеханалар немесе дәріханалар бір көшеде шамадан тыс шоғырланып, бәсекелестікті күрделендіретін жағдайлар болған. Енді жаңа жүйе бұл процесті реттеуге мүмкіндік береді»,, –  деді министр Үкімет жиынында.

Кәсіпкер карта арқылы қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе сол жерде қандай бизнес тіркелгенін немесе жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

Жасанды интеллект бизнес ашуға ең тиімді орындарды ұсынады. Бұл ретте клиент ағыны, бәсекелестік деңгейі және таңдалған аймақтағы тіркелген кәсіп түрлері ескеріледі.

Министрдің айтуынша, бұл шешім бизнес ашу кезіндегі тәуекелдерді азайтып, артық бәсекелестікті төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар ол бастапқы кезеңдегі операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға және бизнестің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.

Еске салайық, Қазақстанда 50 ЖИ-агент пен 20 цифрлық трансформация карта іске қосылды.