Жаңалықтар

Шетелге шыққанда елден 10 мың доллардан артық ақша әкетуге тыйым салынады

Фото: kursiv.media архиві

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қазақстандықтарға жазғы демалыс алдында ескерту жасады. Атап айтқанда, шетелге шығу кезінде әр адамға қолма-қол шетел валютасын 10 мың доллардан артық алып өтуге тыйым салынады.

Негізгі шектеу қолма-қол ақша әкетуге қатысты

«ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығына сәйкес, елден 10 000 доллар баламасынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын алып шығуға тыйым салынады. Тіпті декларация толтырылған жағдайда да белгіленген шектеуден артық әкетуге жол берілмейді», – деп атап өтті ведомство.

Ақшаның сомасы Ұлттық банктің елден шығу күніндегі ресми бағамы бойынша есептеледі. Бұл шектеу әр адамға жеке қолданылады, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар. Отбасымен сапарға шыққан жағдайда әрбір отбасы мүшесіне 10 000 доллар баламасынан аспайтын қолма-қол ақша алып шығуға рұқсат етіледі.

Артық ақша тәркіленеді

Ведомство өкілдері белгіленген шектеуден асып кеткен жағдайда артық қаражат кеден органдары тарапынан тәркіленетінін атап өтті.

Ақшаны декларациялау тәртібі қандай

Кеден заңнамасына сәйкес, егер қолма-қол ақшаның сомасы 10 мың доллардан асса, ол міндетті түрде жазбаша декларациялануға тиіс. Алайда Президент жарлығының күшіне байланысты декларация тапсырылғанына қарамастан, белгіленген шектеуден жоғары соманы іс жүзінде алып шығуға тыйым салынады.

Мемлекеттік кірістер департаментінде шетелге сапар кезінде банк карталарын немесе қолма-қолсыз аударымдарды пайдалануды ұсынады. Сондай-ақ азаматтарға валюта бағамын алдын ала тексеріп, баратын елдің ережелерімен, оның ішінде тауарларды әкелуге қойылатын шектеулермен танысып шығу ұсынылады.

Нені алып шығуға болмайды

Мемлекеттік кірістер департаменті сондай-ақ бірқатар тауарларды елден шығаруға шектеу қойылғанын немесе арнайы рұқсат талап етілетінін атап өтті. Бұл тарихи және мәдени құндылығы бар жәдігерлерге, қару-жарақ пен оқ-дәрілерге, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге, сондай-ақ үлкен көлемдегі дәрі-дәрмектерге қатысты. Соңғы жағдайда дәрігердің нұсқамасы болуы ұсынылады.

Ал жеке пайдалануға арналған заттар коммерциялық мақсатта болмаса, шектеусіз алып шығуға болады.

Шетелге шыққанда немесе шетелдегі таныстарыңызға ақша аударымын жасағанда кенеттен картаны, есепшотты бұғаттап тастайтын жағдайлар бар. Оған не себеп? Қандай жағдайда сіздің банк операцияларыңыз күмәнді көрінуі мүмкін? Осы туралы Kursiv Media тілшілерінің шолуын сілтемеге өтіп оқи аласыз.