
Сәуірде іске қосылады деп жоспарланған Stadler вагондары мамырға шегерілді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты.
Министрлік пен компания неге келісе алмай жүр
Наурыз айының басында министр Нұрлан Сауранбаев вагондардың алғашқы легі сәуір айында жеткізіледі деп айтқан болатын. Министр жеткізуші мен тапсырыс беруші арасындағы келіспеушіліктер туындағанын жеткізді. Мәселе Stadler акцияларының құнына қатысты болғандықтан туындаған мәселені ашып айтпады.
Вице-министрдің сөзінше, құрамдар пилоттық режимде сынақтан өткізілген. Сондай-ақ іске қосылу мерзімінің неге кейінге шегерілгенін түсіндірді.
«Пайдалану барысында бірқатар техникалық мәселелер мен эксплуатация тарапынан ескертулер анықталды. Stadler компаниясы оларды жоюға міндеттеме алды, ал алдағы айларда біз оларды өндірістік режимде қабылдап, бағыттар бойынша іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Қалиақпаров үкіметтегі брифингте.
Вице-министр сөзіне сенсек, пойыздар келесі айдан бастап қатынай бастайды.
Айта кетейік 58 жолаушыға арналған Stadler вагондары Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін, ұзақ бағыттардың жүктемесін және халықаралық стандарттарды ескере отырып жасалған. Кіреберіс бөлігінде жүк қоюға арналған сөрелер бар, ал жолсерікке бөлек демалыс аймағы, шағын асүй және басқару бөлімі қарастырылған.