Жаңалықтар

Инсультті 5 минутта анықтайтын ЖИ жүйесі енгізілді – Мәдиев

Фото: kursiv.media архиві

Енді жасанды интеллект инсульт қаупін ертерек анықтап бере алады. Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев Cerebra AI жүйесі енгізіліп жатқанын мәлім етті.

«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI. Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5–10 минут ішінде талдайды», –  деді Мәдиев үкімет жиынында.

Жүйе инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатып қана қоймай, оның дәлдігін де арттырады. Бүгінде ол елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілген.

Министр дерегінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар 7 600-ден астам пациенттің деректері талданған. Нәтижесінде өлім-жітім деңгейі 40%-ға төмендеп, уақытылы ем алатын пациенттер үлесі 150%-ға артқаны байқалған.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге бизнесін бастау барысында тиімді таңдау жасауға көмектесетін AIкөмекші іске қосылады.