Жаңалықтар

2025 жылы шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің 40 пайызын құрады

2025 жылы шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің 40 пайызын құрады
16% ҚҚС төлеуге бизнестің мүмкіндігі жоқ / Фото: kursiv.media мұрағаты

Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл сектор ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын құрады, яғни, 2020 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев айтты.

«Бүгінде ШОБ-тың үлесі ЖІӨ-нің 40%-на жуықтады. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерді қолдайтын, қосымша кедергілер жасамайтын бизнеспен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін құру», – дейді ол.

ШОБ-та елдің экономикалық белсенді халқының 50%-дан астамы, яғни 4,7 млн адам жұмыспен қамтылған.

Соңғы бес жылда бұл сектордағы кәсіпкерлер саны 1,6 есе өсті. Орта бизнестің даму қарқыны баяу, бұл компаниялардың шағыннан орта форматқа өтуінде қиыншылықтар бар екенін көрсетеді.

Микро және шағын бизнестегі еңбек өнімділігі орта және ірі сегменттермен салыстырғанда екі есе төмен болып қала береді. 2025 жылы шағын бизнестегі бір қызметкер 7,4 млн теңге өндірсе, орта бизнестегі көрсеткіш 15,9 млн теңге болды.

ШОБ дамуы неліктен тежеледі?

Шағын және орта бизнес дамуының тежелуіне бірнеше негізгі фактор әсер етеді. Біріншіден, кәсіпкерлерге бизнесті бастау немесе кеңейту үшін қажетті қаражат табу қиын. Екіншіден, банк несиелері мен қарыз қаражатының құны тым жоғары.

Сонымен қатар салық және реттеуші ортаның тұрақсыздығы, макроэкономикалық құбылмалылық және кадр тапшылығы да кәсіпорындардың жұмысын кері әсер етеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 1 млн 700 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркелген.