
«Алматы – Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында 60 жастағы ер адам қайтыс болды. Куәгерлердің айтуынша, оның денсаулығы кенеттен нашарлап, қан қысымы көтеріліп, ес-түссіз құлап түскен.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы оқиғаның 27 сәуірде болғанын нақтылап, фактіні растады. Ресми ақпаратқа сәйкес, 1966 жылы туған жолаушының жағдайы жол үстінде күрт нашарлаған.
Куәгердің айтуынша, вагонда медициналық алғашқы көмек көрсететін заттар болмаған.
«Вагонда ешқандай алғашқы көмекке қажетті заттар болмады. Тіпті тонометр болмады. Жол жүретін адамдарға денсаулығына байланысты көмек көрсетілетін дүниелер жоқ секілді», – деп жазды куәгер болған жолаушы.
Дегенмен, темір жол басшысы әр вагон белгілі талаптарға сәйкес әмбебап медициналық қобдишамен жабдықталғанын айтты.
«Пойыз бастығы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел медициналық көмек бригадасын шақыруды жедел ұйымдастырған. Келген медицина қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын айтты. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады», – дейді компания.
Бұған дейін Ақтөбеден Алматыға ұшқан ұшақта жолаушы ауырып, кейіннен қайтыс болды.