
Қазіргі уақытта 43 жастағы жұмысшының жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп жазады «ҚазАқпарат«.
Оқиға кеше Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болған. Екі жұмысшының арасында жанжал туындап, салдарынан олардың бірі екіншісіне пышақ салған.
«Кеңқияқ ауылдық полиция бөлімінде денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала тергеу барысында кәсіпорынның екі қызметкері мас күйінде сөзге келіп қалып, нәтижесінде бірі екіншісіне пышақ жарақатын салғаны анықталды. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді және медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленуші әлі де ауруханада жатыр.
«28 сәуір күні сағат 05:00-де Кеңқияқ ауылдық ауруханасына 43 жастағы ер адам жеткізілді. Пациентке барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі сәтте оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.