
Әлемдік авиация нарығы бүгінде үлкен сынақ алдында тұр. Air Astana әуе компаниясының басшысы Ибрахим Жанлыел Алматыда өткен жиында әуе отынының қымбаттауы билет бағасына да әсер ететінін айтты.
Әуе компаниялары банкрот болып жатыр
Қазір әлемдік нарықта авиаотын бағасы бірден 120%-ға шарықтап кеткен. Бұл жай ғана сан емес, өйткені ұшақ шығынының үштен бір бөлігі (шамамен 30%-ы) тек жанармайға жұмсалады.
Мұндай қымбатшылыққа төтеп бере алмаған бірнеше халықаралық тасымалдаушы банкротқа ұшырағанын жариялады.
«Өткен аптада бірнеше әуе компаниясы банкроттыққа өтініш берген, ал бүгін таңертең тағы екеуінің нарықтан кеткенін білдік. Бұл жай ғана статистика емес, авиация саласындағы дабыл қағарлық жағдайы», – деп атап өтті компания басшысы.
Жағдайдың ушығуына Таяу Шығыстағы, атап айтқанда, Ормұз бұғазы мен Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс те себеп болып отыр.
Әуе жолдарының өзгеруі, бағыттардың ұзаруы және отын жеткізудегі іркілістер нарықты тығырыққа тіреді. Тіпті, кейбір елдерде әуе отын қоры қатты азайған.
Қазақстанның артықшылығы неде?
Нарықтағы жағдайдың шиеленісіп тұрғанына қарамастан, отандық әуе компаниясы өзін сенімді сезінетін сияқты.
Ибрахим Жанлыелдің айтуынша, Қазақстанның өзіндік ресурс базасы мен үш бірдей мұнай өңдеу зауытының болуы, ел үшін стратегиялық артықшылық.
«Air Astana» қолданатын жанармайдың 70%-ы ішкі нарықтан, тұрақты бағамен алынады. Бұл деген – компания сыртқы нарықтағы құбылмалылықтан айтарлықтай қорғалған», – деді ол.
Билет бағасы өсе ме?
Ең басты жаңалық, ішкі рейстердің билет бағасын көтеру жоспарда жоқ. Жанармайдың басым бөлігі ел ішінде сақтандырылғандықтан, қазақстандықтар ел ішінде бұрынғы тарифпен ұша алады.
Алайда халықаралық бағыттағы жағдай басқаша. Мұнда бағаға әлемдік отын құны мен шетелдік әуежайлардағы тапшылық тікелей әсер етеді. Сондықтан сыртқа саяхатты жоспарлағандар үшін шығын артуы әбден мүмкін.
Әуе компания басшысы 2026 жылдың жазғы маусымына дайындықты қазірден бастауға кеңес береді.
Бұған дейін Жанлыел BAE Systems Air Astana акцияларын сатылымға шығарғанда, бағалы қағаздарды әлемдік инвесторлар бір сағатқа жеткізбей сатып алғанын айтты.