
Ішкі істер министрлігі сәуірде адам саудасына қатысты 41 қылмысты тіркеді. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталған.
Бала сатпақ болған
Ресми дерекке сәйкес, Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді.
«25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін мамандандырылған қоғамдық қорды паналаған. Босанған соң баладан бас тартқан, сол кезде қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған», – делінген ақпаратта.
Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматыда тергеу басталды
Алматыда адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қылмыстық топ тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды тауып, несие тарихын жақсартып, кейін солардың атына Алматы және Шымкентте қымбат автокөліктер рәсімдеген», – деп хабарлады ІІМ.
Қылмыстық топ өкілдері ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Екі баланы құлдыққа салған
Жетісу облысында бәзбіреулер екі баланы ұрлап әкетіп, жұмысқа салған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған жергілікті екі тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбек фактісі анықталып, жолы кесілді. Оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айырып, тұрмыстық химия өндірісінде жұмысқа жеккен», – делінген ақпаратта.
Адамды қанау мақсатында ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.
Ерлі-зайыпты порностудия ұйымдастырған
Абай облысында вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыпты ұсталды. Олар бірнеше өңірде студия ашқан.
Олар келбетті жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы түсірілімдер жүргізуге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында, Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы заңсыз әрекеттерге және жастарды азғындатуға қатысқан күдіктілерге қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, Павлодар облысында әйгілі рэпер Иманбек полиция қызметкерлерімен бірге жолға шығып, арнайы акция өткізді.
