Қоғам

Елде мамырдан бастап не өзгереді

Мамырда қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр/фото: shutterstock

Көктемнің үшінші айында аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 14 күн демалады. Азаматтарды 1 мамыр – бірлік күніне орай үш күн демалыс күтіп тұр. Одан кейін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай бейсенбіде демалады. 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн сенбіге түсіп тұр, сол себепті демалыс дүйсенбіге (11 мамырға) ауысады. Осылайша 9-11 мамыр аралығында демалыс беріледі.

Тағы бір демалыс Құрбан айтқа байланысты 27 мамырға түсіп тұр.

Оқу жылы аяқталады

Биыл оқу жылы 2026 жылдың 25 мамырында аяқталады. Төртінші тоқсанда оқушылар 8 апта оқып, оқу жылын 25 мамырда аяқтайды.

Бұған дейін оқу-ағарту және ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты жаңа талаптар енгізілетінін айтты.

Енді аттестаттарды табыстау рәсімі мен мектеп бітіру кештері тек білім беру ұйымдарында өтуі керек.

Сонымен қатар оқушылар мен ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынады.

фото: shutterstock

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады

Биыл 1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталады. Бұған дейін құжат қабылдау сәуірде басталатын еді. Алайда ол уақытта мектептерде сабақ болып жатады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, құжат қабылдау басқа жұмыстарға кедергі келтірмеуі керек.

Талапкерлер ҰБТ тапсырады

Елде талапкерлер ҰБТ-ны 10 мамырдан бастап тапсырады, тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 000 талапкер өтініш берді. Олардың ішінде ҰБТ тапсырушылардың 73%-ы тестілеуден қазақ тілінде, шамамен 27%-ы орыс тілінде, 521 адам ағылшын тілінде өтеді.

Пәндердің ең танымал комбинациясы «Математика – Физика» болды – оны талапкерлердің 17,9%-ы таңдаған;

одан кейін «Биология – Химия» комбинациясы тұр – 14,5%;

үшінші орында «Шығармашылық емтихан» – 12,4%.

Цифрлық әмиянға тексеріс күшейеді

Мамырдан бастап мемлекет шенеуніктер мен олардың туыстарының цифрлық әмияндарына тексерісті күшейтеді

Жаңа талапқа сәйкес, жария лауазымды тұлғалар (шенеуніктер), олардың жұбайлары мен жақын туыстары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тұрғысынан тәуекелі жоғары клиенттер санатына жатқызылды.

Шенеуніктермен қатар шетелдік қаржы ұйымдары мен АХҚО аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айналысатын тұлғалар да кіреді.

Сондай-ақ бақылау тізіміне қолма-қол ақша айналымы жоғары бизнес өкілдері, атап айтқанда ойын бизнесін ұйымдастырушылар, туристік қызмет көрсетушілер, жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын делдалдар және «өмірді сақтандыру» саласындағы ұйымдар енгізілген.

Тексеру барысында эмитенттер тек клиенттің жеке басын анықтап қана қоймай, сонымен қатар цифрлық активтерді аудару кезінде жіберуші мен алушының аты-жөнін, әмиян мекенжайын және пайдаланылған блокчейн деректерін де тіркеп отырады.

Егер операция күдікті деп танылса немесе клиент терроризмді қаржыландырумен байланысты арнайы тізімде болса, эмитенттер операцияны тоқтатуға немесе оны орындаудан бас тартуға құқылы.

Жиналған мәлімет пен құжаттар іскерлік қарым-қатынас аяқталғаннан кейін де кемінде 5 жыл бойы сақталады. 

Әншілер фонограммамен ән айтатынын алдын ала ескертеді

Мәдениет және ақпарат министрі әртістердің фонограммамен өнер көрсетуі туралы халықты хабардар етудің жаңа ережелерін бекітті. Жаңа талап 2 мамырдан бастап күшіне енеді.

Енді ұйымдастырушылар фонограмма қолданылатыны туралы ақпаратты билеттер сатыла бастағанға дейін 30 күн бұрын жариялауы керек. Бұл мәлімет билет сатылатын кассаларда және БАҚ-тағы жарнамаларда міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

Егер концерт туралы хабарландыру радио немесе теледидардан берілсе, фонограмма туралы ескерту жазбаның басында немесе соңында кемінде 5 секунд естілуі немесе көрінуі керек.

фото: shutterstock

«Шымбұлақтың» аспалы жолдары қайта ашылады

Мамырда «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортындағы аспалы жолдар қайта ашылады. Бұған дейін профилактикалық жұмыстарға байланысты аспалы жол уақытша жабылған.

Енді аспалы жолдар әдеттегі режимде жұмыс істей береді.

Казино мен букмекерлік кеңселерге қойылатын талап күшейеді

Елдегі ойын мекемелері, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жұмыс ережелеріне өзгерістер енгізілді. Туризм және спорт министрі бекіткен жаңа ережеге сәйкес, казинолар мен букмекерлер құмар ойын ойнауына ресми түрде тыйым салынған азаматтарға бәс тіктірмеуге тиіс.

Егер солардың ақшасын алып, бәс тігуіне мүмкіндік берсе, казино мен букмекер де жауапқа тартылады. Талап 17 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Eastar Jet әуе компаниясы рейстерін қайта жандандырады

Оңтүстік Кореяның Eastar Jet лоукостері Алматы – Пусан бағыты бойынша  рейстерін қайта іске қосады. 1 мамырдан бастап рейстер аптасына екі рет тұрақты түрде орындалады.

Черногория уақытша визасыз режим енгізді

Черногория билігі 2026 жылдың 1 мамыры мен 1 қазаны аралығында Қазақстан Республикасының азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізу туралы шешім қабылдады.

Визасыз режим іске қосылғаннан кейін саяхатшыларға елшілікке барудың немесе құжат жинаудың қажеті жоқ. Әрі визалық алымдар мен делдалдардың қызметіне кететін қаржы үнемдейді.

Қажылық – 2026

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қажылық маусым уақытын нақтылады:

Бару бағыты: Джидда және Мәдина қалаларына тікелей рейстер.

Сапар кезеңі: 15 мамыр – 5 маусым;

Ұшуға болатын қалалар: Алматы, Астана, Шымкент.

Биылғы маусымда қажыларды тасымалдау құқығы конкурстық негізде мына әуе компанияларына берілді:

  1. Air Astana (Қазақстан);
  2. SCAT (Қазақстан);
  3. Flyadeal (Сауд Арабиясы).
Фото: shutterstock

Елден металл қалдықтарын экспорттауға шектеу енгізілді

Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын сыртқа шығаруға салынған тыйым ұзартылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі қол қойған құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағынан мына өнімдерді шығаруға алты ай бойы шығара алмайсыз:

  • мыс, алюминий, қорғасын қалдықтары мен сынықтары, сондай-ақ құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар өзге де қалдықтар;
  • қара металл қалдықтары мен сынықтары, қайта балқытуға арналған қара металл құймалары (шихталық құймалар);
  • пайдаланылған құбырлар, рельстер, теміржол табаны мен жылжымалы құрам элементтері.

Бұйрық 2026 жылдың мамырынан бастап күшіне енеді.

Офшорлық аймақтардың жаңа тізбесі бекітілді

Офшорлық аймақтар – салық жеңілдіктерін беретін немесе жүргізілген қаржы опарациялары туралы ақпаратты ашық жарияламайтын юрисдикциялар. Мамырдан бастап қолданысқа енетін құжатқа сәйкес, тізімге 50 офшорлық аймақ енгізілген.

Айта кетейік, құжат жеңілдетілген салық режимін ұсынатын немесе қаржы ақпаратының ашықтығын толық қамтамасыз етпейтін юрисдикциялармен қаржы операцияларды реттеуге бағытталған.