
Берлин автожолдарындағы әскери көліктер мен қаладағы ғимараттарды суретке түсіріп, оны ресейлік барлау қызметіне беріп отырған күдікті қолға түсті. Федералдық прокуратураның мәліметінше, ұсталған ер адам 2025 жылдың мамырынан бастап Германия аумағында жүріп, Ресейдің арнайы қызметтерімен тұрақты байланыста болған деп жазады Euronews.
Күдікті – Қазақстан азаматы Сергей К. 28 сәуір күні Федералдық прокуратура оны тұтқындап, оның тұрғынжайы мен тағы бір айып тағылмаған тұлғаның үйіне тінту жүргізді.
Бас прокурор Сергейді ресейлік барлау қызметінің агенті ретінде әрекет етті деп айыптап отыр. Тергеу мәліметінше, ол Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі мен неміс қорғаныс өнеркәсібі туралы деректерді, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтарды құрастыратын компаниялар туралы мәліметтер берген.
Бұдан бөлек, оған Берлиндегі қоғамдық ғимараттар мен тас жолдардағы әскери техникалардың суретін жіберді деген айып тағылды. Бұл фотолардың арасында Германия арқылы өтіп бара жатқан НАТО-ның басқа бір еліне тиесілі әскери колонна да болған. Сондай-ақ агент Германияда диверсия жасауға қолайлы нысандарды іздестіріп, тыңшылық жасау үшін басқа адамдарды тартпақ болған деген күдік бар.
29 сәуір күні Сергей К. Федералдық соттың тергеу судьясына жеткізіледі. Содан кейін оны қамауға алу туралы шешім қабылданып, тергеу изоляторына жіберілуі мүмкін.
Бұл іске қатысты Kursiv.Media Сыртқы істер министрлігіне сауал жіберді. Ведомство әзірге болған жағдайды анықтап жатқанын хабарлады.