Жаңалықтар

Өскеменде жеке сот орындаушысын ұрып кетті

фото: shutterstock, бильд-редактор: Дина Карамчакова
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дина Карамчакова

Өскеменде міндетін атқаруға барған сот орындаушысы – әйел адамға шабуыл жасалды.

Бұл туралы Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, KursivMedia хабарлайды.

«21 сәуірде сағат 19:00 шамасында Өскеменде жеке сот орындаушысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде алимент бойынша борышкердің тұрғылықты мекен-жайына жеке автокөлікпен келген», – делінген ақпаратта.

Палатаның ақпаратынша, оқиға былай өрбиді. Оның жанына белгісіз адам келіп, дыбыстық сигнал беруге байланысты дөрекі ескерту жасаған. Әйелдің жеке сот орындаушысы екенін біліп, алдымен көлігіне тас лақтырған. Содан соң жерге құлатып, тепкілеген.

Күдікті оқиға жерден қашып кеткенімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде анықталып, ұсталған. Бірақ күдіктінің сот орындаушының қолға алға ісіне мүлде қатысы жоқ болып шыққан.

«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, көлікке келтірілген залалдың мөлшері белгіленеді. Сараптама нәтижелерін алғаннан кейін, материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінен сотқа жіберіледі», – делінген ақпаратта.

Тергеу Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының бақылауында.

Айта кететін жайт, Қазақстанда жеке сот орындаушылары институтын тарату ұсынылды.