
Қырғызстанда бұрын жоғары лауазымда болған үш шенеунікке мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды. Олардың ішінде Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-басшысы Қамшыбек Ташиевке, бұрынғы депутат Құрманқұл Зулушев және Жогорку Кенештің экс-төрағасы Нурланбек Тургунбекұлы бар. Бұл туралы адвокат Шердор Абдыкапаров мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, үшеуіне де бірдей бап бойынша айып тағылған. Бірақ оларға қатысты айыптардың егжей-тегжейі мен тергеу барысы ресми түрде жарияланбады. Дегенмен кей дереккөздер бұл істің «75-тің хаты» деп аталатын оқиғамен байланысты екенін айтады.
Күш құрылымдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, фигуранттар Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасында бірнеше сағат бойы жауап алынғаннан кейін мекеме ғимаратынан шығып кеткен.
Еске сала кетейік, ақпан айында 75 адам Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Жогорку Кенеш төрағасына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы үндеу жолдаған. Бірақ Қырғызстандағы Конституция бойынша, президенттік сайлау белгіленген мерзімде, яғни 2027 жылдың қаңтарында өтуі тиіс еді.
Жаппай қуғындау
Осыдан кейін елдің саяси жүйесінде айтулы өзгерістер болды. Қамшыбек Ташиев ҰҚМК басшысы және Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Тәшиевтің туған інісі Шаирбек Тәшиев сыбайлас жемқорлыққа барды деген күдікпен ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Оның жақтасы Нұрғазы Анаркулов Бішкектің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ бірқатар шенеуніктер қызметінен айырылып, Нурланбек Тургунбек ұлы мен Құрманқұл Зулушев депутаттық мандаттарын тапсырды.
Кейінірек қылмыстық іс қозғалып, аталған хатқа қол қойғандардың бір бөлігі жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен тергеу изоляторына қамалды. Мемлекет басшысы Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевтің бұдан былай мемлекеттік лауазымдарға тағайындалмайтынын айтты. Кейінірек ол «ел мүддесі достықтан жоғары тұрады» деп, ұзақ жыл бірге жұмыс істеп келе жатқан жақтаушысын неге жұмыстан босатқанын түсіндіріп берді.