
Сот орындаушылары жұмысы түсірілген видеоны 5 жыл сақтауға міндетті болады. Бұл туралы әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.
Мәжілісте атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері қарастырылған заң жобасы қаралып жатыр. Құжат сот орындаушысының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Депутат Жарқынбек Амантайұлы заң жобасына жеке сот орындаушысының әрекетін видеоға түсіру туралы талап енгізілгенін айтып, деректердің қалай сақталатынын нақтылады.
«Видеотіркеуді енгізу сот орындаушыларының әрекетіне бақылауды күшейтеді. Ішкі істер органдарында видеоларды сақтау жүйесі бар. Ол жердегі мәліметті кез келген адам өз құқығын қорғау үшін пайдалана алады. Ал сот орындаушыларында мұндай механизм бар ма? Видеоларды сақтаудың орталықтандырылған базасы қарастырылған ба?», деп сұрады депутат.
Вице-министр Бекболат Молдабековтің айтуынша, жеке сот орындаушылары видеоны бес жылға дейін сақтайды.
«Сот орындаушыларына сұрау жіберсек, бізге де, азаматтарға да видеоны міндетті түрде беруі керек. Жаңа жүйе құрайтын болсақ, бюджетке шығын келеді. Мұны қазір қажет емес деп санаймыз», – дейді вице-министр.
Жеке сот орындаушыларына талап күшейеді
Заң жобасына сәйкес, жеке сот орындаушыларының заңнама мен кәсіптік ар-намыс кодексін қаншалықты білетіні тексеріледі. Қайта аттестаттаудан өтпей қалған мамандар лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда жеке сот орындаушылары институтын тарату ұсынылды.
Одан бөлек Алматыда жеке сот орындаушының қызметін тексеру барысында мемлекет қаражатын жымқыру дерегі анықталды.