Жаңалықтар

Жайдарманшы Ақылбек Скендиров мас болып балалы әйелге тиісті

коллаж: kursiv.media

Айсара Уәлиханова есімді Threads қолданушысының жариялаған жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның айтуынша, №117 «Қызылорда–Павлодар» бағытындағы пойызда танымал жайдарманшы Ақылбек Скендиров мас болып балалы әйелдің мазасын алып, агрессия көрсеткен.

Оқиға қалай болды?

Оқиға 2026 жылдың 26 сәуірінде болған. Жолаушы әйел 9-вагонның 3-ші орнында кішкентай баласымен жалғыз келе жатқан. Түнгі сағат 00:30-да, Қазалы станциясында купеге билет бойынша 29-орында отыруға тиіс ер адамды жолсеріктер 1-ші орынға (әйелдің купесіне) ауыстырып кіргізген.

Айсара Уәлиханованың айтуынша, купеге келген жолаушы, белгілі жайдарманшы Ақылбек Скендиров мас болған, өзін агрессивті ұстап, қауіп төндірген.

Полицияның келуі және түсініксіз жағдайлар

Қорқыныш пен үрей құшағында қалған жолаушы түнгі сағат 03:17-де Сексеуіл станциясында «102» нөміріне хабарласып көмек сұраған. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері тек 5 сағаттан кейін, таңертең ғана келген.

«Үш тәулік ұйықтамағандықтан әрі физикалық шаршаудан, сондай-ақ баланың қауіпсіздігі үшін алаңдап, ешқандай шағымым жоқ деген мазмұндағы өтінішке қол қойып, видеоүндеу түсіріп бердім. Бұл қадамға тек сол адамның бізді жайымызға қалдыруын қалағандықтан бардым», – дейді жәбірленуші.

https://kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/04/whatsapp-video-2026-04-29-at-15.27.20.mp4

Қазіргі уақытта бұл оқиға желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік танымал тұлғаның мұндай әрекетін айыптап, заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Әзірге Ақылбек Скендиров тарапынан ресми жауап немесе түсініктеме берілген жоқ.