Жаңалықтар

Жеке сот орындаушылары аттестациядан өтеді: мәжіліс заң жобасын мақұлдады

ЧСИ
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды күшейтуге қатысты заң жобасын қарады.

Құжатты депутат Дмитрий Колода таныстырды. Ол 2024 жылы оңайлатылған іс жүргізу нормасы енгізілгенін еске салды. Соның нәтижесінде 2025 жылы борышкерлер 500 мыңға жуық құжатты өз еркімен орындап, 2,4 млрд теңге үнемделген. Бұл тәртіп бойынша өндіріп алу сомасы 20 АЕК-ке дейінгі берешектерге қолданылған. Енді бұл шекті 40 АЕК-ке (2026 жылы 173 мың теңге) дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

Борышкерді үйден шығару кезінде алдын ала ескерту жасалады

«Біз Әділет министрлігінің өкілеттігін кеңейтеміз. Енді ведомство сот орындаушыларының өндіріп алушыларға қаражатты аудару мерзімін нақты белгілейді. Сондай-ақ борышкерді тұрғын үйден шығару туралы он күн бұрын міндетті түрде хабарлау талап етіледі. Бұл адамдарға алдын ала дайындалып, басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, заң жобасында талап ету мерзімі өтіп кеткен жағдайда барлық мәжбүрлеп орындату шараларын тоқтату нормасы бекітіледі», – деді мәжілісмен.

Сонымен қатар құжатта мүгедектігі бар адамдар мен өзге де әлеуметтік төлем алушылардың мемлекеттік жәрдемақыларынан ұсталатын қаражат мөлшерін 25%-дан асырмау ұсынылады.

Жеке сот орындаушыларына жоспарлы тексерулер енгізіледі

Заң жобасы жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды күшейтуді көздейді, ол үшін жоспарлы тексерулер енгізіліп, анықталған заңбұзушылықтарды жою міндеті бекітіледі.

Құжатта сондай-ақ бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған. Атап айтқанда:

  • қолданыстағы жеке сот орындаушыларын аттестациядан өткізу, оның барысында заңнама мен кәсіби әдеп кодексі бойынша білім тексеріледі. Аттестациядан өтпеу лицензияның күшін жоюға негіз болады;
  • көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату: соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалар бұл лауазымдарға орналаса алмайды;
  • Әділет органдарының немесе өңірлік палатаның сұрауы бойынша жеке сот орындаушысының шотындағы қаражаттың қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді-көшірме ұсыну міндеті;
  • тыйым салынған мүлікті электронды сауда арқылы сату тәртібін өзгерту: өндіріп алушы аукционның кез келген кезеңінде мүлікті өзіне қалдыру құқығына ие болады, ал жеңімпаз сатып алудан бас тартқан жағдайда сатып алу құқығы келесі қатысушыға өтеді;
  • борышкердің жұмыс орны немесе басқа өңірдің түзеу мекемесінде болуы анықталған жағдайда, атқарушылық құжатты негізсіз басқа округке жолдауды алып тастау.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Айта кетейік, елде 12 мың адам 18 млрд теңге алимент төлемей жүр. Енді «Әділет» жүйесі арқылы бұрынғы ерлі-зайыпты жүргізілген төлемдерді бақылай алады.