Lifestyle

Алматыда 1 мамыр күні қайда баруға болады

фото: ЖИ

Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтарын концерттер, гастрономиялық жәрмеңкелер, спорттық жарыстар және танымдық көрмелер күтеді.

Абай алаңындағы басты шаралар

Қаланың орталық алаңы мерекенің негізгі ошағына айналады. 1 мамыр сағат 11:00-де «Бірлігі жарасқан Алматы» фестивалі басталады. Республика сарайының алдындағы сахнада Нұрлан Өнербаев, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева, Luina және «КешYOU» сияқты танымал жұлдыздар мен ансамбльдер өнер көрсетеді.

Күні бойы алаңда түрлі ұлттардың тағамдары ұсынылатын мерекелік сауда өтеді. Сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жастарға арналған кеш өтеді. Қатысушылар: Айқын Төлепберген, Qanay, Ayree, Мәди Рымбаев және Alpha тобы.

2 мамырда сағат 10:00-ден бастап жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі, ал кешкісін (19:00) эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт болады.

Мәдени мекемелердегі бағдарламалар

Мұражайлар мен кітапханаларда қызықты кештер ұйымдастырылады:

1 мамыр сағат 14:30-да Мемлекеттік қуыршақ театрында «Қуыршақ Думан» қайырымдылық спектаклі өтеді.

Н. Тілендиев мұражайында сағат 12:00-де «Бірлік әуені – ел жүрегі» атты концерт жоспарланған.

Аудандық деңгейдегі мерекелер

Мерекелік көңіл-күй қаланың барлық ауданында сезіледі (барлығы 1 мамыр күні):

  • Бостандық ауданы: 11:00-де Тұңғыш Президент саябағында концерт пен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтеді.
  • Алмалы ауданы: 11:00-де Сайран көлінің шығыс жағалауында концерт пен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылады.
  • Әуезов ауданы: 11:00-де Family Park саябағы мен «Сарыарқа» скверінде мерекелік бағдарлама өтеді.
  • Түрксіб ауданы: 11:00-де С. Сейфуллин саябағында концерттен бөлек, оқушылар арасында 3×3 баскетболдан жарыс болады.
  • Наурызбай ауданы: Сағат 19:00-де аспан астында «Болған оқиға» көркем фильмі көрсетіледі.
  • Жетісу ауданы: 10:00-де Айнабұлақ ықшамауданында ұлттық киімдер шеруі өтеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін мамырдағы мереке күндері ХҚКО-лар қалай жұмыс істейтінін жазған едік.