
БҚО-дағы республикалық маңызы бар автожолда орналасқан Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігі опырылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол«.
Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы тас жолындағы көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінің зақымдануы 30 сәуірде анықталды.
«Зардап шеккендер жоқ. Көпірдің негізгі жүру бөлігінің тіреуіш конструкциялары зақымдалмаған, автокөлік қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылуда», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта көпірге техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. «ҚазАвтоЖол» өкілдері зақымдануға жаяу жүргіншілер бөлігіндегі жекелеген металл элементтерінің коррозиялық тозуы себеп болуы мүмкін екенін хабарлады.

«Оқиға орнында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылданды: уақытша қоршаулар мен жол қозғалысын ұйымдастыруға қажетті техникалық құралдар орнатылды», – деп атап өтті компаниядан.
Өзен үстімен өтетін көпір 1962 жылы салынған. Компания нысанды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.