
Көкшетау қаласында заманауи футбол аренасының іргетасын қалау рәсімі өтті. 10 000 көрерменге арналған стадион өңірдегі спорттың дамуына жаңа серпін бермек.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Көкшетау қаласының әкімі әрі облыстық футбол федерациясының президенті Әнуар Күмпекеев, Қазақстан футбол федерациясы Бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин және қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Бүгін басталған құрылыс келешекте қаламызға республикалық және халықаралық жарыстарды, соның ішінде жастар құрамаларының матчтары мен ұлттық турнирлердің финалдық ойындарын өткізуге мүмкіндік береді», – деді Ахметжанов.
Стадионның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері
Жаңа спорт нысаны халықаралық талаптарға сай салынбақ. UEFA 4 (жоғары) санаты бойынша стадион ең жоғары санаттағы инфрақұрылыммен жабдықталады. Көрермендер үшін жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар мен фудкорттар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалады.
«Оқжетпес» ФК базасы
Арена жанынан жергілікті «Оқжетпес» футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарланған. Нысан пайдалануға берілген соң, Көкшетау отандық біріншіліктегі ойыннан бөлек, халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын қабылдай алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордадағы стадион UEFA тексерісінен сәтті өткен еді.