
Қазақстан азаматтары алкоголь өнімдерін тұтынуды азайтты. 2025 жылы елдің бір тұрғыны ішімдікке 6,4 мың теңге жұмсаған. Бұл 2024 жылдағы көрсеткіштен 14%-ға аз. Ұлттық статистика бюросының мәліметі осыны көрсетіп отыр.
Алкоголь өнімдеріне сұраныстың төмендеуі кейінгі 14 жылда үш рет қана тіркелген. Инфляцияны қоса есептегенде, ішімдік сатып алу 22%-ға азайғанын көруге болады.
Қазақстандағы жиырма өңірдің 13-інде сұраныс төмендеген. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы (-5 мың теңге, 11,1 мың деңгеге дейін) мен Астана қаласында (-4,9 мың теңге, 6,2 мың теңгеге дейін) көрсеткіш әлдеқайда азайған. Осылайша, алкоголь өнімдерін көп тұтыну жағынан Қарағанды облысы Шығыс Қазақстанды басып озған. Айта кетейік, қарағандылықтар былтыр ішімдікке көп ақша жұмсаған (2% өсім, 14,2 мың теңге).
Маңғыстау облысындағы жағдай бұдан 17 есе аз. Маңғыстаулықтар 2025 жылы ішімдікке бар болғаны 0,8 мың теңге жұмсаған.
Дегенмен Қазақстан Орталық Азияда ең көп ішімдік тұтынатын ел атанып отыр.