Жаңалықтар

Қазақстандықтар неге инфляция 10%-дан асады деген пікірде

Халық елдегі инфляция жоғары болады деген пікірде / Фото: shutterstock

Қазақстандағы инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Алайда халық екі таңбалы, яғни 10%-дан асатын инфляцияны күтіп отыр. Бұл туралы сарапшылар Ұлттық Банктің «Экономикалық саясатты интроспективті талдау: күтулерден шешімдерге дейін» атты VI конференцияда айтты.

«Экономика – үй шаруашылықтарының мінез-құлқы, бизнестегі шешімдер мен мемлекеттің әрекеттері өзара тығыз байланысатын біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Осы жүйеде ақпараттық сигналдар, макроэкономикалық шоктар және құрылымдық ерекшеліктер даму траекториясы мен қаржы тұрақтылығының деңгейін айқындайды», – деп атап өтті ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

Халықтың инфляцияға қатысты пікірінің қалыптасуына елдегі азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы себеп.

Азық-түліктің ішінде көкөніс бағасының құбылуы халықтың қалтасына қатты әсер етеді. Одан бөлек, тұрғын үй бағасы да халықтың инфляцияға қатысты пікіріне ықпал етіп отыр.

Ұлттық банк пен үкімет елдегі инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуге ниетті. Сондықтан орталық банк ақша-несие саясатын қатаң ұстанып, базалық мөлшерлемені 18%-дан түсірмей отыр. Наурыз айында инфляция деңгейі 11%-ды құрады.