
Ұлттық банк теңгенің ресми бағамын айқындайтын шетелдік валюталар тізімін едәуір кеңейтуді көздеп отыр. Тиісті құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Түсіндірме жазбаға сәйкес, валюталар саны 39-дан 48-ге дейін артуы мүмкін. Қаулы жобасы шетел валюталарының тізімін кеңейту және Ұлттық банк ережелерін жаңа заңнама талаптарына (Конституция, Салық және Цифрлық кодекстер) сәйкестендіру үшін әзірленді.
Кеңейтілген тізімге тағы 9 елдің ұлттық валютасын қосу ұсынылды. Олар: Вьетнам, Мысыр, Израиль, Индонезия, Қатар, Моңғолия, Оман, Пәкістан, Румыния елдері.
Ұлттық банк мәліметінше, тізімді кеңейту туралы шешім соңғы 5 жылдағы сауда айналымына, төлемдердің көлемі мен валюталарына жасалған талдау негізінде қабылданды.
Айта кетейік, құжат жобасын «Ашық НҚА» порталында талқылау 19 мамырға дейін жалғасады.
Бұған дейін, 20 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға қашан шығатынын жазған едік. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа банкноталардан айналымға 20 мың теңгеллігі ғана шықпаған.