Жаңалықтар

Астана кіреберістерінде ауыр жүк көліктері жаппай тексеріліп жатыр

Фото: ҚазАвтоЖол

Астана қаласында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейді. Рейдтік іс-шараларды Көлік министрлігі, қалалық полиция департаменті және әкімдік бірлесіп жүргізіп жатыр.

Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексерістер елордаға кіреберіс жолдарда және құрылыс материалдары жиі тасымалданатын учаскелерде шоғырланған. Инспекторлар инертті материалдарды тасымалдау кезінде жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақ және габариттік нормаларды сақтауын бақылайды.

Бақылау жұмыстарына 6 жылжымалы бекеті жұмылдырылды. Сондай-ақ елдің 17 өңірінен көлік инспекциясының мамандары тартылған.

«Рейдтік іс-шаралар басталғалы бері 622-ге жуық автокөлік құралы тексеріліп, нәтижесінде көлік заңнамасының талаптарын бұзудың 347 фактісі анықталды, оның ішінде артық жүктеу жағдайлары бар. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 92 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мұндай шаралар жол инфрақұрылымын сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға бағытталғанын атап өтті.

Еске салайық, ҚазАвтоЖол жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлады. Бұл шаралар күннің ыстығында жол жамылғысын сақтауға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.