
Қасым-Жомарт Токаев отандастарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады. Құттықтау мәтінін Ақорда баспасөз қызметі жариялады.
Тоқаев бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптелеетінін атап өтті.
«Кезінде тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері Қазақстан атты киелі Шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – бәрімізге ортақ игілік. Дана халқымыз «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Біз – бейбіт заманның қадірін білетін, айналасына жанашырлықпен қарайтын, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын елміз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың болмысына тән қасиет. Біз осы бірегей дәстүрді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Біздің көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, тілегіміз – бір. «Бірлігіміз – әралуандықта» формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналды», – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттары жаңа Конституцияның преамбуласында айқын көрініс тапқаны айтылды.
«Бұл – Қазақстан халқының саналы түрде жасаған таңдауы. Себебі азаматтарымыз баршаға бірдей құқықтар мен мүмкіндіктер беретін елде, әділ, тұрақты және бақуатты қоғамда тұруды қалайды. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы еліміздегі ауқымды жаңғыру үдерісінің арқауы ретінде осы биік мақсатқа жетуімізге кепіл болмақ. Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл –Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге кәміл сенемін. Қымбатты отандастар, баршаңызға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін«, – деп түйіндеді Президент.
Еске салайық, осыған дейін Алматыда 1 мамыр күні қандай мерекелік шаралар өтетіні жайлы жазған едік.