
Қазақстандық блогер Қайсар Қамза ұсталғаннан кейін Вьетнамнан бейнеүндеу жолдады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта оны экстрадициялау процесі жүріп жатыр.
Блогер бейнежазбаны Instagram парақшасында жариялаған. Видеода ол жақында Қазақстанға келіп, кейін Вьетнамның Нячанг қаласына қайта оралғанын айтқан. Қазір оның елден экстрадициялану мәселесі шешіліп жатқанын жеткізді.
«Иммиграциялық қызметте менің төлқұжатымды алып қойды. Бәрі жақсы болады деп тілейік. Осыны айтқым келді. Жақсы күндерде қайта кездескенше», – деп блогер көрермендерімен қоштасты.
Еске салайық, 2026 жылдың сәуірінде миллионнан астам оқырманы бар блогер Вьетнамда ұсталған. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ол Камрань қаласында Интерпол арқылы ұсталған. Сондай-ақ оның әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамасын тұрақты түрде жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға тартқаны хабарланған.
Ведомствоның айтуынша, осы әрекеттердің нәтижесінде блогер 100 млн теңгеден астам заңсыз табыс тапқан болуы мүмкін. Қаражат оның криптовалюта әмиянына аударылып отырғаны айтылды.