Жаңалықтар

Трамп Иранға қарсы әскери іс-қимылдардың тоқтағанын мәлімдеді

Трамп пообещал, что война закончится, когда у Ирана не останется лидеров
фото: kursiv.media архиві

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресске жолдаған хатында Иранмен жасалған уақытша бітімге байланысты әскери қимылдар «тоқтатылғанын», сондықтан соғысты жалғастыру үшін заңда белгіленген 60 күндік мерзімді сақтау міндетті емес екенін мәлімдеді. 1973 жылғы «Әскери өкілеттіктер туралы резолюция» бойынша бұл мерзім 1 мамырда аяқталған.

Заң талабы

АҚШ заңнамасына сәйкес, президент әскери қимылдар басталғаны туралы заң шығарушыларды хабардар еткеннен кейін 60 күн ішінде Конгресстің мақұлдауын алуы тиіс.

Иранмен соғыс 2026 жылдың 28 ақпанында басталды. Трамп 2 наурызда Конгресске ресми хабарлама жолдап, 60 күндік кері санақты бастады.

Президенттің айтуынша, 8 сәуірден бері қолданыстағы оқ атпау туралы келісім бұл мерзімді тоқтатқан.

«7 сәуірден бастап АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында атыс болған жоқ. Соғыс тоқтатылды», – деп жазды Конгресс басшыларына.

Қорғаныс министрі Пит Хегсет Сенаттағы тыңдауда бітім басталған сәттен бастап 60 күндік мерзімнің есебі тоқтағанын растады.

Иранның жаңа келіссөз ұсынысы

Жұма күні Иран мемлекеттік БАҚ-тары Тегеранның Пакистан делдалдығы арқылы Вашингтонға келіссөздер жүргізу туралы жаңа ұсыныс жолдағанын хабарлады.

АҚШ президенті бұл ұсынысқа дереу жауап беріп:

«Әзірге олардың ұсынып отырғанына көңілім толмайды», – деп мәлімдеді.

Иранның келіссөзге дайындығы туралы хабардан кейін әлемдік мұнай бағасы біршама төмендеді. Бұған дейін Ормұз бұғазының бұғатталуы мұнай бағасын соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге көтерген болатын.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Ирак және Әзірбайжан сияқты көршілес елдердің өкілдерімен соғысты тоқтату бастамаларын талқылады.

Сәуір айының ортасында өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан бері жағдай тығырыққа тірелді. АҚШ Иран порттарын теңіз арқылы қоршауға алса, Иран әлемдік мұнай тасымалының 20%-ы өтетін Ормуз бұғазын жауып тастады.