Жаңалықтар

Отын бағасы мен соғыс зардабы: Spirit Airlines банкротқа ұшырады

фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Американың ең ірі лоукостері, Spirit Airlines әуе компаниясы, өз қызметін тоқтататынын жариялады. Тасымалдаушы Дональд Трамп әкімшілігімен қаржылай көмек туралы келісе алмады, ал АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы салдарынан қымбаттаған авиациялық отын бағасы компанияға соңғы соққы болып тиді деп жазады ВВС.

Spirit Airlines АҚШ президенті әкімшілігімен 500 млн доллар көлеміндегі көмек пакеті туралы келіссөздер жүргізген, алайда бұл әрекет нәтижесіз аяқталды. Осыдан кейін компания қызметін тоқтататынын хабарлады.

Өткен жылдың тамыз айында Spirit бір жыл ішінде екінші рет банкроттыққа өтініш беріп, содан кейін жағдайы түзеле бастаған еді. Бірақ соңғы айларда АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы және Ормуз бұғазының ішінара қоршауға алынуынан туындаған авиаотын бағасының күрт өсуі компанияны түпкілікті тығырыққа тіреді. Жолаушылар лайнерлерінің көпшілігіне арналған Jet A-1 маркалы авиаотынның бағасы соңғы апталарда шамамен екі есе өскен.

Spirit Airlines 2 мамырға қараған түні барлық рейстерін тоқтатып, жолаушыларға билет ақшасын қайтаруға уәде берді. Негізі қаланғанына 60 жылдан асқан Spirit жабылған сәтте Airbus концернінің A320 тобына жататын 100-ден астам ұшақ паркіне, соның ішінде заманауи A320neo және A321neo модельдеріне иелік еткен. Бұл ұшақтар АҚШ, Мексика, Кариб теңізі елдері мен Оңтүстік Американың бір бөлігіндегі ондаған әуежай арасында қатынап тұрды.