
Үкімет шетелдік инвесторлар мен мамандар үшін елдегі миграциялық саясатты өзгертіп, жеңілдіктер жасамақшы. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
«Біз бұрынғы күрделі әрі шектеулерге толы жүйеден біртіндеп бас тартып, ашық әрі икемді модельге көшіп жатырмыз. Басты мақсаты отандық экономикаға қажетті, сұранысқа ие мамандар үшін ашық әрі болжамды көші-қон жүйесін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде олардың еркін келуіне, кәсіби әлеуетін толық іске асыруға және Қазақстан қоғамына толыққанды әрі жайлы бейімделуіне мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.
Бірінші бағыт көші-қон саласында сервистік мемлекет қалыптастыруға арналмақ. Балаеваның түсіндіруінше, мәртебені ресімдеу мен рұқсат қағаздарын алу әртүрлі органдарға жүгінбей-ақ, біріңғай жүйе аясында жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте «бір терезе» қағидатын кеңейту мен процестерді цифрландыру негізгі рөл атқарады.
Екінші тәсіл әкімшілік процедураларды бюрократиядан азайтып, олардың тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімін қысқартып, регламенттерді цифрлық құралдар арқылы оңтайландыру жоспарланған. Министрдің айтуынша, бұл азаматтар үшін де, мемлекет үшін де транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт адами капиталды тартумен байланысты, атап айтқанда, инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» құралы енгізіледі. Балаева өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жобасын іске асырып жатқан шетелдік инвестордың елде тұруы мен қызмет жүргізуі үшін тұрақты жағдай жасалатынын, ал инженерлік, IT немесе медицина саласындағы мамандардың жұмысқа тұруы мен заңдастыру рәсімдері жеңілдейтінін мысалға келтірді.
Реформаның төртінші элементі ретінде кәсіби біліктілікті тану процесін, әсіресе тапшы әрі жоғары технологиялық салаларда оңайлату көзделіп отыр. Сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, біліктілікті растау мерзімін қысқартылмақшы.
Бұған дейін үкімет шетел азаматтарының елге кіру, виза рәсімдеу және рұқсат құжат, азаматтық алу тәртіптерін жеңілдетіп жатқанын жазған едік.