
2025 жылдан бері республиканың бірқатар өңірінде алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам алтын құрамды материал тәркіленді.
Биыл полиция Жамбыл облысындағы «Ақбақай» тау-кен байыту комбинаты аумағынан алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
«Қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары және автокөліктер тәркіленді. Тергеу жүргізіліп, келтірілген залал анықталып жатыр. Кәсіпорынның күзет және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Ресми дерек бойынша Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облысының кейбір тұрғыны алтын құрамды кен ұрлауды кәсіп қылып алған.
Айта кетейік, алтын өндіру көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 84%-ға артып, 125 мың унцияны құраған еді.