
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мамыр айындағы мерекелерге байланысты 6 мамыр мен 11 мамыр аралығында сұраныс жоғары бағыттар бойынша 175 қосымша тіркеме вагон қосады.
«Жалпы алғанда, жолаушылар үшін 16 мыңға жуық қосымша орын дайындалды. Бұл шаралар мереке күндері билет тапшылығын болдырмау үшін және халыққа қолжетімді ету мақсатында жасалып отыр», – деп хабарлады Ұлттық тасымалдаушы компания.
Мереке күндері қосымша орындар Астана, Алматы, Павлодар, Түркістан, Атырау, Пресногорьковская, Семей, Петропавл, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қазалы, Сарыағаш, Жезқазған, Балқаш, Қарағанды, Өскемен, сонымен қатар Саратов және Новосибирск бағыттары бойынша ұсынылады.
Айта кетейік, ел азаматтары 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай бейсенбіде демалады. 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн сенбіге түсіп тұр, сол себепті демалыс дүйсенбіге (11 мамырға) ауысады. Осылайша 9-11 мамыр аралығында демалыс беріледі.