
Орал қаласында заманауи цифрлық технологиялар пробациялық бақылау талаптарын бұзған 36 жастағы ер адамды анықтап берді.
Polisia.kz хабарлауынша, сот шешімі бойынша, бас бостандығы шектелген азаматқа сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған. Алайда ол бұл талапты елемеген.
Құқық бұзушылық қаланың түнгі клубтарының біріндегі бейнебақылау камерасы арқылы тіркелген. Бейнеаналитика жүйесі бет-әлпетті тану функциясы арқылы келушінің бейнесін байқаған. Оны есепте тұрған тұлғалар базасымен автоматты түрде салыстырып, сәйкестікті анықтаған.
Дабыл бірден Жедел басқару орталығына түскен. Бірнеше минут ішінде патрульдік полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын анықтап, оны ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Тексеру барысында азаматтың Батыс Қазақстан облысында пробациялық бақылауда екені және сот белгілеген шектеулерді бұзғаны расталды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кететін жайт, 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің әлемдік экономикаға қосқан үлесі 22 трлн доллардан аспақ.