Жаңалықтар

Қазақстан токен экономикасына бет бұрды

фото: GITEX Kazakhstan

Алматыда өтіп жатқан GITEX AI форумында цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Екібастұздағы «Data Center Valley» жобасының мән-жайын түсіндіріп өтті.

Мәдиевтің сөзінше, жоба аясында жасанды интеллектке арналған қуатты есептеу хабы құрылады. Оның басты мақсаты – энергияны экспортталатын цифрлық өнімге айналдыру арқылы «токендер экономикасын» ілгерілету. Министрдің айтуынша, есептеу хабының инфрақұрылым 1 гигаваттқа дейінгі жүктемені көтере алады.

Ең басты артықшылық – ЖИ есептеу хабы тұтынатын энергия бағасы өте арзан болады, тіпті АҚШ пен Еуропа елдерімен салыстырғанда да төмен болмақ. Бұл Қазақстанның жаһандық технологиялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Екібастұз қаласында токендер экономикасын ілгерілету үшін жасанды интеллекттің есептеу хабын құрып жатырмыз. Мұндағы токен – энергиядан түрленетін жаңа ресурс және экспортқа шығарылатын өнім. Біз кем дегенде бір гигаватт есептеу қуатын мақсат етіп отырмыз, ал оның бағасы өте төмен – киловатт-сағатына 2,5 цент болады. Бұл АҚШ, Еуропа немесе әлемнің басқа бөліктеріндегі бағадан 3-4-5 есе арзан», – деп түсіндіріп өтті министр.

Министр атап өткен хаб – ЖИ саласындағы мамандарды, стартаптарды, технологиялық компанияларды және ғалымдарды бір арнаға тоғыстыратын инновациялық орталық. Ол үлкен көлемдегі энергияны қабылдай алады. Соның нәтижесінде, хаб ірі технологиялық компанияларға өздерінің мыңдаған суперкомпьютерлерін елге әкеліп орнатуға мүмкіндік береді.

Ұлттық ЖИ платформасы

Сондай-ақ Мәдиев ұлттық ЖИ платформасын да тілге тиек етті.

«Ол арқылы есептеу қуаты ресурстарына, LLM-дерге (ірі тілдік модельдерге), деректер жиынтықтарына қол жеткізуге болады. Бұл ЖИ министрлігі барлығына арнап ЖИ агенттерін жасап береді деген сөз емес. Мемлекеттік сектор органдары, түрлі министрліктер, олар ЖИ агенттерін қалай жасап, өз саласына қалай енгізу керек екенін үйренеді», – деп түсіндірді министр.

Платформаны осы көктемде ЖИ министрлігі арнайы таныстырған еді. Экожүйе суперкомпьютерлерге, ірі тілдік модельдерге және 120-дан астам мемлекеттік деректер базасын бір жерге жинақтайды. Платформа тек процестерді автоматтандырып қана қоймайды, сонымен қатар «фабрика» сияқты жұмыс істейді. Қазірдің өзінде азаматтар мен мемлекеттік органдарға арналған 50-ден астам арнайы ЖИ-агент жасалған.