Қоғам

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашуға шетел азаматы жауапты болады

Майкл Дэниел авиация саласында 40 жылдан бері жұмыс істейді/фото: көлік министрлігі

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның бас атқарушы директоры лауазымына Майкл Дэниел тағайындалды. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жаңа басшы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашумен айналысады.

Айта кетейік, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ қызметін 2019 жылы бастады. Негізгі функциясы – ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық бақылау мен қадағалау.

Майкл Дэниел туралы не белгілі

Майкл Дэниел – АҚШ азаматы, авиация саласында 40 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіби қызметін АҚШ-тың Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасында (FAA) бастаған.

FAA-ның Франкфурт, Нью-Йорк және Вашингтон қалаларындағы халықаралық кеңселерінде жұмыс тәжірибесі бар. 2006-2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі FAA халықаралық кеңселерін басқарған, онда шетелдік жөндеу ұйымдарына қадағалау жүргізген.

АҚШ-қа тікелей рейс

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында салалық министрлік қос ел арасында әуе рейсін ашу 2025 жылға жоспарланғанын хабарлады.

Көлік министрлігі тікелей рейсті 2026 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Астана немесе Алматыдан АҚШ-қа ұшатын тікелей рейс шамамен 15-16 сағатқа созылады.

Тікелей рейсті іске қосу үшін Air Astana Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын елге жеткізіп жатыр.