Жаңалықтар

Құтыру індеті: солтүстікте ит-мысықтар адамдарға жиі шабуылдай бастады

фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бергі үш айда 385 адам түрлі жануар шабуылынан зардап шегіп, салдарынан медициналық көмекке жүгінген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 67%-ға көп.  

Мамандардың айтуынша, облыс инфекцияның табиғи ошағы болып қала бермек. Ал жұқтыру қаупі қыс-көктем мезгілінде артады. Бұл кезде жабайы жануарлар елдімекендерге кіріп, үй жануарларына жұқтыруы мүмкін.

214 адамды ит қапса, тағы 139 адам мысықтан, 22 адам басқа жануарлардан, оның ішінде ірі қара мал мен кеміргіштерден зардап шеккен.

Медициналық көмекке жүгінгендердің барлығына құтыруға қарсы ем тағайындалған. 180 адам вакцина алған. Ал тағы 205 адамға иммуноглобулин мен вакцина бірге енгізілген. Зардап шеккендердің жартысынан көбі – ауыл тұрғындары.

Мамандар құтыру өлімге әкелетін қауіпті ауру екенін ескертеді. Егер дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, адам қайтыс болуы мүмкін.

Айта кететін жайт, облыста биыл құтырудың бір жағдайы тіркелді. Ошақ Есіл ауданының Амангелді ауылында анықталған еді.