Жаңалықтар

«Қыз Жібек» пен «Төлеген» тұрақты түрде құймақханада таңғы кездесу өткізген

Фото: «ҚызЖібек» фильмінен скриншот
Фото: «ҚызЖібек» фильмінен скриншот

Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков романтикалық кездесулерді таңертең құймақханада өткізген.

Бұл туралы танымал актриса, халық әртісі Меруерт Өтекешова Azan Radiosy-на берген сұхбатында айтып берді.

«Бір жылдай түсірілімде жүрдім. Ол театрда жұмыс істеді. Мен институтқа түстім. Бірінші курсты бітірдім. Бәрі кинодан кейін бірден тұрысқа шықты деп ойлайды. Олай болған жоқ. Ойым да болған жоқ», – деді «Қыз Жібек».

Сонымен қатар екі жастың арасындағы махаббат хикаясы қалай өткенін де баяндады. Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков таңертең ерте құймақханада кездесетін болған.

«Екінші курста тағы да бірге киноға түстік. Кей кезде жастарға: «Сендерде романтика жоқ. Ал бізде, Құман екеумізде романтика болды. Алатау кинотеатрына кездесуге баратынбыз. Абылайхан мен Жібек жолы көшесінің бойында құймақ пісіретін кафе болған. Таң ата кездесеміз. Құймақ жейміз. Романтика. Кездесу. Сосын ол театрға, мен институтқа кетемін. Ондай қазір жоқ», – деді Меруерт Өтекешова.

Айта кететін жайт, соңғы кездері Меруерт Өтекешова ойнаған «Қыз Жібек» фильмінің костюміне қатысты дау-дамай туындады. Мәдениет және ақпарат министрлігі Баян Алагөзоваға сыйланған қамзолға қатысты тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.