Жаңалықтар

Риддер қаласындағы жылу орталығын жөндеуге үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлінді

Риддер қаласын жылумен қамтуға 1,8 млрд теңге бөлінеді
Риддер қаласын жылумен қамтуға 1,8 млрд теңге бөлінеді/фото: kursiv.media

Риддер қаласындағы жылу желілері мен ЖЭО жабдықтарын жөндеуге Үкімет резервінен шамамен 1,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкімет хабарлағандай, қаражат қаланы жылумен қамту және инфрақұрылымды 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға жұмсалады.

«Бөлінген қаржы жылу желісінің тозығы жеткен 12 учаскесіне, сондай-ақ Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарында күрделі жөндеу жобаларын аяқтауға бағытталады», деп жазылған хабарламада.

Өткен жылыту маусымы барысында жекелеген учаскелердің зақымданып, тозғаны анықталған еді. Сондықтан биыл аталған олқылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілуге тиіс.

Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіруге 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген еді. Қаражат Риддер қаласы мен Қасым Қайсенов атындағы кентте жылу желілерін жөндеуге бағытталды.