Қоғам

Шымкентте кәсіпкер тексерістен жалтару үшін бәзбіреулерге 25 млн теңге берген

Күдікті ұсталып, қамауға алынды/фото: Делия Айдаралиева

Шымкентте өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің маманы деп таныстырған ер адам қамауға алынды.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылдың қыркүйегінде азамат экономикалық тергеп-тексеру қызметінде жұмыс істейтінін айтып, жергілікті компания басшысынан 25 млн теңге алған.

Осылайша ер адам компанияны тексерістен өтуге тиіс мекемелер тізімінен шығарып беремін деп уәде еткен.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды сақ болуға, алаяқтардың айласына түспеуге шақырды.

Бұған дейін Шымкентте мобильді қосымша арқылы жасырын жұмыс істеген интернет-казино анықталды. Заңсыз ойын бизнесінің жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден (1 млн доллар) асқан.