Жаңалықтар

Соңғы үш жылда аутизм бұзылысы бар балалар саны екі есе өскен

фото: ашық дереккөзден

Соңғы үш жылда елде аутизм бұзылысы бар балалар саны едәуір өскен. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттарға берген жауабында айтылған.

Үкімет басшысының дерегінше, соңғы үш жылда аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мың адамға дейін өскен.

«Көрсеткіштің артуы ауруды анықтау деңгейінің жақсаруымен, ерте диагностикалаумен және M-CHAT ерте скрининг әдісінің енгізілуімен байланысты. Бұған дейін аутистік спектр бұзылыстары (АСБ) бар балалар ресми статистикаға енбей келген», – деп жазылған Бектенов жауабында.

Қазір елімізде 2025-2027 жылдарға арналған ведомствоаралық жол картасы жұмыс істейді. Ол АСБ бар балаларға ерте диагностика жасап, көмектесуге бағытталған. Негізінен елдегі орталықтар дәрі-дәрмексіз жұмыс істейді, яғни баланың іс-әрекетін бақылап, ақпараттық, психологиялық көмек береді.

Бектенов аталған орталықтар елдегі білім беру жүйесіне ауыстырылмайтынны айтты.

«Терең психологиялық бұзылысы бар балаларға үнемі күтім, медициналық бақылау және әлеуметтік қолдау керек. Қазіргі уақытта білім беру жүйесінің қажетті медициналық қызметті қамтамасыз ете алатындай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол орталықтарды білім беру жүйесіне ауыстыру тиімсіз болмақ», – деп атап өтеді Бектенов.

Бұған дейін Президент жанынан Аутизм бойынша ұлттық ресурстық орталық құру туралы бастама көтерген. Премьер-министр ол жоба бойынша қосымша жұмыс істеу керек екенін, бақылауда болатынын айтты.

Былтыр осы тақырыпқа талдау жасаған Ranking сарапшылары дамуында ерекшелігі бар бала саны 2019 жылдан бері 5,1 есеге артқанын хабарлады. Аутизм бұзылысы бар әр бесінші бала 5 жасқа толмаған, бұл шамамен 2,8 мың адам. Оның ең басты белгілерінің бірі – тілі кеш шығуы, дамуының кешігуі. Мұның себебі жайлы Kursiv.Media арнайы маманмен тілдескен еді, толығырақ мына жерден оқи аласыз.