Жаңалықтар

Абай облысында полицейлер Квинке ісінуіне шалдыққан баланы құтқарды

Абай облысында полицейлер Квинке ісінуіне шалдыққан баланы құтқарды / Фото: Видеодан скрин

Абай облысында полицейлер Квинке ісінуі байқалған баланы ауруханаға жеткізді, деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Оқиға Абай алаңында болған, онда «Бекет-1» постының қызметкері Нұржан Алтынбековке бір әйел көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, Квинке ісінуінің салдарынан қызының жағдайы күрт нашарлай бастаған.

Полиция қызметкері дереу патрульдік экипажды шақырған. Оқиға орнына Дархан Жұмашев пен Азамат Айтжанов келіп, баланы шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізу туралы шешім қабылдаған.

Қыз бала ауруханаға жедел жеткізіліп, оған шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Егер олар болмағанда – бәрі немен аяқталарын білмеймін. Бізді уақытында жеткізді. Олар менің баламды құтқарып қалды», – деді анасы.

Әйел Нұржан Алтынбековке жылдам әрекет еткені үшін, сондай-ақ, патрульдік полиция қызметкерлері Дархан Жұмашев пен Азамат Айтжановқа кәсібилігі үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, ол полиция басшылығына ризашылығын білдіріп, ведомство қызметкерлері адамдарға жай ғана міндет ретінде емес, өз қызметінің бір бөлігі ретінде шын жүректен көмектесетінін атап өтті.