
Талдықорған қаласында көкпардан ересектер арасында Қазақстан Республикасының 25-ші чемпионаты жалауын желбіретті. «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен өтіп жатқан доданың отандық спорт тарихында алар орны ерекше. 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан чемпионат биыл бірнеше маңызды жаңалығымен және рекордтық көрсеткішімен ерекшеленді.
Рекордтар мен қатысушылар
Биылғы біріншіліктің басты рекорды – қатысушы командалардың саны. Бұған дейін командалар саны 16-дан аспаса, биыл Талдықорған төріне 19 команда жиналды. Маңғыстау және Абай облыстары ғана түрлі себептермен жарысқа қатыса алмады. Бұл көкпардың елдегі танымалдылығы жыл сайын артып келе жатқанын аңғартады.
Қазақстан Көкпар федерациясының БАҚ-пен байланыс маманы Сәкен Сейітханның айтуынша, чемпионат тарихында Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы 15 рет жеңімпаз атанып, көш бастап тұр. Одан кейін 7 мәрте жеңіске жеткен Түркістан облысының «Құлагер» командасы келеді. Сондай-ақ Астана қаласы мен Алматы облысының еншісінде бір-бір жеңістен бар.
Оңтүстік өңірлердің басымдығын мамандар климаттық жағдаймен байланыстырады. Күн райы жылы, жайылымы жайлы өңірлерде ат баптау мен көкпар шабу өнері ежелден дамыған.
Жаңа ережелер
Чемпионаттың ең басты техникалық жаңалығы ат санының көбеюі. Бұрын командада 12 шабандоз және 12 ат болса, енді әр командаға 16 ат қосуға рұқсат берілді. Бұл жануарлардың қауіпсіздігі үшін жасалған . Егер ат мертіксе немесе болдырса, қосымша аттар команданың әлеуетін сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, ойын барысында аттарды ауыстырып жібермес үшін оларға арнайы чип салынбақ.
Көшпенділер ойынына іріктеу
Талдықорғандағы дода арқылы ұлттық құрамаға кіретін шабандоздар іріктеліп, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Ыстықкөлде өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатыстырылмақ. Бас бапкер Нұрдәулет Момынов шабандоздар бен аттарды жіті бақылап, үздіктерін таңдап алмақ.