
«Қазмырыш» компаниясының Өскемендегі цехындағы жарылыстан зардап шеккен екі адам ауруханада жатыр. Дәрігерлер бір науқастың жағдайын аса ауыр деп бағалайды.
Барлығы бес науқас түсті
5 мамыр, сейсенбі күні таңертең қаланың өндіріс аумағында болған жарылыстан зардап шеккендерді жедел жәрдем облыстық ауруханаға жеткізген.
«Сағат 8:30-да жедел жәрдемнен зардап шегушілерді әкеле жатқаны туралы хабар түсті. Он минуттың ішінде қабылдау бөлімінде шұғыл бригада дайын тұрды. Науқастарды 8:45-те жеткізе бастады», – дейді ШҚО облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Нұрбикенов.
Оның айтуынша, ауруханаға барлығы бес науқас: төрт ер азамат және бір әйел түскен.
«Үш науқастың денесі аздап сырылғаны анықталды. Олар үйге жіберілді. Екі науқас ауруханаға жатқызылды», – деп баяндады бас дәрігердің орынбасары.
Жағдайы аса ауыр
Солардың бірі, 1980 жылы туған ер азамат, жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы аса ауыр деп бағаланды.
«Денесінің 90 пайызын термиялық күйік шалған. Жоғары тыныс алу жолдары күйген. Көзінің мөлдір қабығы күйіп қалған», – деп сипаттады дәрігер науқастың жағдайын.
Ал 1974 жылы туған екінші науқастың бел омыртқасы зақымданған болып шықты.
«Үшінші бел омыртқасының компрессиялық сынығы диагнозы қойылды. Ол травматология бөліміне түсті. Оған да медициналық көмек көрсетілді», – дейді дәрігер.
Бұған дейін зауыттағы жарылыстан екі адамның қаза тапқаны мәлім болған.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мамыр, сейсенбі күні таңертең Өскемен қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Қазмырыш» компаниясы зауытында жарылыс болды. Цехтың 220 шаршы метрі опырылып түскен. Дүмпу мен әуеге көтерілген түтін қала тұрғындарының зәресін алды.
Премьер-министр Олжас Бектенов зауыттағы жарылысты жеке бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеген. Еңбек министрлігі арнайы комиссия құрып жатыр. Өскемен әкімі қала тұрғындарын сабырға шақырды.