Жаңалықтар

Президент Әкімшілігіне жаңа жетекші тағайындалды

фото: ашық дереккөзден

Президент Әкімшілігінің басшысы ауысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Бұрынғы жетекші Айбек Дәдебай қызметінен босатылды. Ақорданың түсіндіруінше, ол басқа жұмысқа ауысады. Бірақ нақты қандай қызмет екені айтылған жоқ. Дәдебайдың орнына Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып Роман Скляр тағайындалды.

Роман Скляр Павлодар мемлекеттік университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар Мәскеудегі қазіргі бизнес институтында экономист, ал Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтында заңгер мамандығын алған.

Еңбек жолын 1989 жылы Екібастұзда слесарь-монтажшы болып бастаған. 1990–2002 жылдары Павлодардағы түрлі компанияларда жұмыс істеген.

2003–2006 жылдары Павлодар қаласы мен облысы әкімдіктерінде қызмет атқарды. Кейін 2006 жылы Астана қаласы әкімдігіне жұмысқа ауысты. 2008 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды.

2011 жылы көлік және коммуникациялар вице-министрі болып тағайындалды. 2014 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясында вице-президент қызметін атқарды.

2016 жылдан бастап ұлттық экономика вице-министрі болды. 2019 жылдың ақпан–қыркүйек айлары аралығында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарды.

2019 жылғы 18 қыркүйекте президент жарлығымен премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.

Бұған дейін көктемде Роман Скляр ERG директорлар кеңесінің құрамына енгенін жазған едік.