
«Қазмырыш» компаниясы жарылыс құрбандарының отбасына 10 жылдық жалақы көлемінде көмек береді. Бұл туралы компания өкілдерімен байланысқан сенатор Ольга Булавкина хабарлады.
Одан бөлек балаларының Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнындағы ақысын төлейді.
Зардап шеккендерге де материалдық көмек көрсетіледі, бірақ нақты сомасы айтылмады.
Соңғы жаңалық бойынша, Өскемен зауытындағы жарылыстан екі адам қайтыс болды, бес адам зардап шекті. Дәрігерлер бір науқастың жағдайын ауыр деп бағалады, денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Төтенше жағдай болған зауыт «Қазмырыш» компаниясына тиесілі. Кәсіпорын мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін қоса өндіреді. Түрлі фабрика мен зауыттарында 29 мың адам жұмыс істейді. Негізгі инвесторы – швейцариялық Glencore International AG компаниясы.
Жарылыс болған зауыттың жағдайы туралы толық репортажды мына жерден оқи аласыз.