
Ресейде түлектерге шетелдік әндерге вальс билеуге тыйым салынып жатыр. Енді мектеп оқушылары үшін Стингтің әніне билеу мүмкін емес жағдай.
Mash ақпаратына қарағанда, бұған орыс тілін қорғау туралы заң себеп болып отыр.
Айталық, Рязань облысындағы Фомин атындағы мектептің оқушылары қаңтар айында-ақ би билеу үшін әйгілі «Shape of My Heart» әнін таңдаған. Хореографқа әрқайсысы 5 мың рубльден төлеп, бірнеше ай дайындалған. Алайда мектеп әкімшілігі он бірінші сынып оқушыларының таңдаған әніне тыйым салып, тректі алып тастаған.
Оқушылардың көз жастарына қарамастан, ән «Ландыши» сериалындағы «Последний вальс» композициясына ауыстырылды. Оқушылар жаттығуды енді «патриоттық» бағытта жалғастырған.
Осындай жағдайлар Ярославль және Тамбов облыстарында да болған. Тони Брэкстон мен Уитни Хьюстон әндеріне қойылған вальстерге де тыйым салынған.
Рязань облысының Білім министрлігі мектептер іс-шараларындағы контентке қосымша талаптар қоюға құқылы екенін мәлімдеген. Бұл мемлекеттік тіл мен білім туралы федералдық заңдар және ішкі ережелерге негізделеді. Сонымен қатар, әндер жас ерекшелігіне және дәстүрлі құндылықтарға сай болуға тиіс.
Айта кететін жайт, Ресей «Байтақ» партиясының төрағасын елге кіргізбеген еді.