
Соңғы уақытта алтын бағасының бірден 17,78%-ға төмендеуі инвесторларды біраз алаңдатты. Алайда Halyk Finance сарапшылары бұл жағдайдан шошудың қажеті жоқ екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бұл бағаның біржола құлдырауы емес, нарықтағы уақытша «дүрбелең» ғана.
Неге баға төмендеді?
Таяу Шығыстағы соғыс басталғанда ірі қаржы қорларына шұғыл түрде қолма-қол ақша қажет болды. Осы негізгі себеп. Олар өз міндеттемелерін жабу үшін қолдарындағы алтынды жаппай сата бастады.
Сонымен қатар Түркия Орталық банкінің бірден 50 тонна алтынды нарыққа шығаруы да бағаның төмендеуіне әсер етті. Яғни экономикалық трендтің өзгеруі емес, тек уақытша қолма-қол ақша тапшылығынан туындаған құбылыс.
Алтын қайта қымбаттай ма?
Сарапшылардың болжамы көңіл көншітеді. Олар алдағы уақытта алтын бағасы қайта көтеріліп, тіпті жылына +30%-ға дейін табыс әкелуі мүмкін деп есептейді. Алтынның бұрынғы қалыпты бағасына оралуы үшін оның құны қазіргі деңгейден кем дегенде 23,99%-ға өсуге тиіс.
Естеріңізде болса, 2025 жыл алтын үшін өте сәтті болды: металл бағасы 53 рет рекорд орнатып, бір жылда 45%-ға қымбаттаған еді.
Инвесторларға қандай мүмкіндік бар?
Қазіргі бағаның арзандауы – алтынды тиімді бағамен сатып алуға жақсы мүмкіндік. Сарапшылар алтынға инвестиция салудың бірнеше жолын ұсынады:
- Алтынның нақты өзіне немесе алтын қорларына (мысалы, GLD) ақша салу.
- Бағаның өсуінен бірнеше есе пайда табуға мүмкіндік беретін арнайы қорлар (UGL).
- Barrick Gold немесе Agnico Eagle Mines сияқты әлемдік алпауыттардың акцияларын алу. Бұл компаниялар тек алтын бағасынан ғана емес, өздерінің өндірістік табысынан да пайда әкеледі.
World Gold Council дерегіне сүйенсек, орталық банктер 2026 жылы алтынға қатысты әртүрлі бағыт ұстанып отыр. Польша, Өзбекстан және Қытай сияқты елдер өз резервтерін толықтырып жатса, Ресей мен Түркияны қоса алғанда, басқалары экономикалық қысымды реттеу үшін алтынды сатып жатыр.