Жаңалықтар

Жылу электр орталықтарының отын үшін қарызы 38 млрд теңгеге жуықтады

Жылу орталықтары қанша қарыз / Фото/shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандағы жылу-электр орталықтары QazaqGaz Aimaq компаниясына 37,7 млрд теңге қарыз. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Вице-министр энергия өндіруші кәсіпорындардың газ таратушы мекеме алдындағы берешегінің қордалануы үлкен мәселе болып тұрғанын атап өтті.

Борышкерлер тізімін «МАЭК» ЖШС бастап тұр, оның міндеттемесі 28,2 млрд теңгені құрайды. Маңғыстау атом-энергетика комбинаты өңірдегі кәсіпорындар мен халықты электр энергиясы, жылу және сумен қамтамасыз етіп келеді.

Сондай-ақ, тізімдегі өзге ірі кәсіпорындардың берешегі төмендегідей бөлінген:

  • «Ақтөбе ЖЭО» АҚ – 3 381 млн теңге;
  • «Жайықжылуэнерго» АҚ – 2 255 млн теңге;
  • «Алматыжылужайэнерго» ЖШС – 1 854 млн теңге;
  • «Таразэнерго» АҚ -1 222 млн теңге;
  • «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК – 744 млн теңге.

Көмір үшін қалыптасқан қарыз

Газбен қатар, қатты отын жеткізушілер алдында да берешегі бар. Мәселен, «Богатырь Көмір» ЖШС-на «Көкшетау Жылу» мекемесі 161 млн теңге қарыз.

Бұл -қарыз жылдар бойы қордалаған борыш. 2024 жылы ЖЭО-дардың газ отынына берешегі 25 млрд теңге еді. Екі жылда қарыз 1,5 есе өскен.