
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаевқа ЕЭК қызметінің басым бағыттары таныстырылды
Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық комиссияның негізгі қызмет бағыттары және Қазақстанның 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етуі барысында жүзеге асырылатын жобалар жөнінде баяндалды.
ЕАЭО аясында жасанды интеллект бойынша бірлескен мәлімдеме әзірленді
Сондай-ақ Президентке Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамытуға қатысты бірлескен мәлімдемені әзірлеу жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарланды. Құжат экономика саласында ЖИ технологияларын дамыту бойынша мүше елдердің ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайды.
Астана алдағы Еуразиялық экономикалық саммиттерге дайындалуда
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 28–29 мамыр күндері Астанада өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы мен V Еуразиялық экономикалық форумға дайындық барысы жөнінде ақпарат берілді.
2023 жылдың желтоқсан айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Бақытжан Сағынтаевтың жаңа қызметке тағайындалатыны белгілі болған. Бұл туралы отырыс барысында Ресей президенті Владимир Путин айтты. Сағынтаев 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы қызметіне кірісті.