Жаңалықтар

1 шілдеден ипотеканың шекті мөлшерлемесі 20%-ға дейін түседі

Ипотека мөлшерлемесі төмендейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың 1 шілдесінен ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ең жоғарыы пайыздық мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға дейін төмендетіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бұл шешімі халықтың несие жүктемесін жеңілдетіп, баспана қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Қаржылық жүйесіндегі жаңа тәртіпке сәйкес, 16 мамырдан банк несиелері мен микрокредиттердің шекті мөлшерлемелері бойынша кешенді өзгерістер күшіне енеді.

Атап айтқанда, мамыр айының ортасынан бастап кепілсіз банк несиелері мен микрокредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46%-дан, ал кепілді қарыздар 35%-дан аспауға тиіс.

Сонымен қатар халық арасында «жалақыға дейінгі қарыз» ретінде танымал, сомасы 45 айлық есептік көрсеткішке (194 625 теңгеге) дейінгі қысқа мерзімді микрокредиттерге де қатаң шектеу қойылды: олардың күндік пайызы 0,3%-дан, ал жылдық көрсеткіші 179%-дан аспауы міндеттелді.

Бұл реттеуші шаралардың басты ерекшелігі – несие шартындағы пайыздық көрсеткіштің ішіне барлық комиссия мен қосымша төлемдердің енгізілу. Ол қарыз алушының қаржылық міндеттемелерін барынша ашық етіп, нарықтағы ашықтықты қамтамасыз етеді.

Бұған дейін нарықты реттеуші ипотеканың пайызын бірнеше рет 20%-ға дейін түсіруге оқталған. Бірақ екі рет кейінге шегерді. Алғашқысында банктер дайын емес десе, екіншіде базалық мөлшерлеме тым жоғары болғандықтан кейінге қалдырды.

Өйткені ипотекадан пайда түспейді деген екінші деңгейлі банктер тұрғын үй қарызын беруін уақытша тоқтатты. Оған себеп – базалық мөлшерлеменің 16,5%-дан бірден 18%-ға көтерілуі.