
Америкалық медиамагнат, филантроп және CNN телеарнасының негізін қалаушы Тед Тёрнер сәрсенбі күні отбасының ортасында көз жұмды. Бұл ақпаратты Turner Enterprises растады, деп жазады NBC News.
Тёрнер тарихта әлемдік тележурналистика форматын түбегейлі өзгертіп, жаңалықтарды тікелей эфир режимінде қолжетімді еткен алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін CNN жаңалықтар арнасының құрушысы ретінде қалды. Ол АҚШ-тағы ең ықпалды медиа-кәсіпкерлердің бірі саналды.
Медиадан бөлек, Тёрнер қайырымдылықпен және экология мәселелерімен айналысты: ол БҰҰ Қорын құрды, ядролық қаруды қысқарту жөніндегі бастамаларды қолдады, табиғатты қорғаумен айналысып, АҚШ-тағы ең ірі жер иеленушілердің біріне айналды. Сондай-ақ, ол америкалық прерияларға бизондарды қайтару бағдарламасына қатысып, экологиялық ағартуға арналған Captain Planet мультсериалын жасап шығарды.
Тед Тёрнерге әлемдік танымалдылықты тәулік бойы жаңалықтар тарату идеясы алып келді, соның арқасында CNN жаһандық ақпарат көзіне айналды. 1991 жылы Time журналы әлемдік оқиғаларға ықпалы және жаңа ақпараттық кеңістікті қалыптастырғаны үшін Тёрнерді «Жыл адамы» деп атады.
Кейінірек ол Time Warner медиакомпаниясын сатып, белсенді бизнестен алыстады, бірақ CNN-ді құруды өз өмірінің басты ісі деп санауын жалғастырды.
CNN өкілдері Тёрнердің өз түйсігіне сенетін және әрдайым тәуекелге баруға дайын қайсар көшбасшы болғанын атап өтті. Компания ол телеарнаның символы және әлемдік журналистиканы өзгерткен тұлға ретінде мәңгі қалатынын баса айтты.